Жас театрдың тұсауы кесілді

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтөбе облысында алғаш рет облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және «Өнер академиясы» театр-студиясымен бірлесіп, «Жаңа сахна – 2016» жастар театры фестиваль-байқауын өткізді. Фестивальдың мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал ету; рухани мәдениетті қалыптастыра отырып, өз халқының тарихи және мәдени мұрасын қалыптастыру болып табылады.
Байқауда университетіміздің жастар ісі жөніндегі бөлімінің қолдауымен жаңадан құрылған «МедArt» студенттік жастар театры режиссер Г. Хугаевтың «Қара шекпен» драмалық қойылымын ұсынды. Спектакльды дайындаушы, бөлім қызметкерлері – Сейтқазина Ақмарал (режиссер) мен Сейтжанова Гаухар (қоюшы-суретшісі). «МедArt» студенттік жастар театрының мүшелері қойылымды актерлық шеберліктерін жоғары дәрежеде көрсете отырып, көрермендерге ұсынды. Қойылым барлық студенттер мен оқытушылардың, қалың көрерменнің жүрегінен орын тапты. Байқауға жоғары және арнаулы орта оқу орындары қатысты.
Әділқазылар алқасында режиссер, өнер академиясының құрылтайшысы Ж. Калкабеков, режиссер, «Кемал» театрының жетекшісі Е. Кемал, сценограф, «Алақай» қуыршақ театрының директоры А.Т. Курманалина, облыстық жастар ресурстық орталық басшысының орынбасары Р.А. Сейт болды. Қазылар шешімі бойынша әртістік қабілеттерімен ерекшеленген «Үздік қойылым» номинациясына университетіміздің «МедArt» студенттік жастар театры лайық деп танылды. Студенттер осындай шараларға қатысу арқылы болашақта белгілі бір мамандық иесі ғана емес, өнерге құштар, бойларында адамгершілік, иба, иман, инабаттылық қасиеттерді сіңірген тұлға боп шығатыны сөзсіз.