22.12.2016

Университет туралы

УНИВЕРСИТЕТ ТАРИХЫ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің тарихы 1957 жылдан басталады, КСРО жоғары білім министрлігінің осы жылғы бұйрығымен 1 қыркүйекте батыс және солтүстік-батыс Қазақстан аймағын жоғары білікті дәрігер мамандармен қамту үшін Ақтөбе мемлекеттік медицина институты ашылды. Алғашында тек қана «Емдеу ісі» мамандығы бойынша оқыту жүргізілді.
Ақтөбе қалалық халық депутаттары кеңесінің шешімімен медицина институтына Ленин көшесі, 52-үйде орналасқан, осы уақытқа дейін Н.Байғанин атындағы Ақтөбе педагогика институтының жаңа оқу нысаны ретінде пайдаланылған ғимарат берілді.
Институттың бірінші директоры (ректоры) болып медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, кейіннен медицина ғылымдарының докторы, академик Алмағамбет Бекішұлы ДАЙЫРОВ тағайындалды.
Медицина институтының ашылуы тек Ақтөбедегі немесе Қазақстанның Батыс аймағындағы ғана емес, тұтас Қазақстан үшін елеулі оқиға болды. Сөйтіп, мұнда медицина ғылымының дамуы басталды, облыс орталығында ерекше интеллектуалдық-мәдени кеңістікке жол ашылды.
Институт жұмысының тез қарқын алуына Кеңес Одағының көптеген медициналық жоғарғы оқу орындарының оқытушы ғалымдары атсалысты. Мысалы, алғашқы оқу жылының өзінде И.М. Сеченов атындағы МОЛГМИ, Ленинград және Пермь медициналық институттарының кітапханаларынан, сондай-ақ, дәрігерлердің біліктілігін арттыру мемлекеттік орталық институтының (Ленинградтағы) кітапханасынан оқулықтар алынды.
Алғашқы оқытушылар Мәскеу, Ленинград, Одесса, Қазан, Алматы, Киев, Новосібір және т.б. КСРО жетекші медициналық институттарынан жіберілді. Олардың қатарында медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесі бар - А.П. Сорокин, С.Н. Гордина, К.В. Мельникова, В.В. Морозова, Г.Я. Красношлыков, A.M. Мамырбаев, Х.Е. Маманова, И.А. Будчанов, В.А. Яглинский, А.В. Мысляева, Ж.М. Сиджанов, В.А. Пищик және т.б. болды.
Білім берудің қысқа мерзімді үдерісі ұйымдастырылды, алғашқы талапкерлер қабылданып, Ақтөбе топырағында жаңа оқу орнының іргетасы қаланды. 1957 жылы қазан айында жеті кафедра ашылды.
1957/58 оқу жылының басындағы АқММИ құрылымы төмендегі кестеде көрсетілген:
Ректор А.Б. Даиров 1957 жылдан 1963 жылға дейін институтқа білікті мамандарды топтастырып, өзі жалпы хирургия кафедрасына жетекшілік етті. Оның бастамасымен АММИ-де 33 кафедра ашылды, оның ішінде 17-сі клиникалық бағытта болатын.
Алғашқы декан болып медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Алексей Павлович Сорокин тағайындалды. Ол – қалыпты анатомия кафедрасын ұйымдастырды және Қазақстанның медициналық оқу орындарының ішінде алғаш рет анатомиялық мұражайды ашты. Бұл күндері университеттің анатомиялық мұражайы медициналық жоғарғы оқу орындарының ішіндегі ең көрнекті және ең таңдаулы мұражай болып отыр.
60-жылдарда Ақтөбе мемлекеттік медицина университеті ұжымына оқытушылардың жаңа легі қосылды. Бұл - профессор М.Ш. Шабанов, медицина ғылымдарының кандидаты В.М. Сенников, Г.В.Овсянников, А.И. Корват, В.И. Щеняцкий, Р.М. Козачинский, ИА. Будчанов, Л.Н. Фарафонова, А.Т. Стародубов және басқалары болатын.
1963 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетін емдеу ісі мамандығы бойынша 157 дәрігер бітіріп шықты. 1963-1966 ж аралығында институтты Н.Д. Растопчин басқарды, оның жетекшілігімен урология кафедрасы ашылды, мөлтек ауданда морфологиялық корпустың құрылысы басталды.
Алғашқы түлектердің 7-уі үздік дипломмен аяқтады, олар: Е.С. Мамбеталин, В.М. Бондаренко, М.Ш. Ахметов, А.Х. Хамзин және басқалары.
1966-196 жылдары институтты факультеттік терапия кафедрасының меңгерушісі В.Н. Андреев басқарды. Ол ректор болған уақытта морфологиялық ғимараттың құрылысы аяқталып, балалар аурулары және фтизиатрия кафедралары ашылды. Сол кездегі оқытушылық құрамда ғалымдар мен әртүрлі ғылыми-мектептердің педагог-клиницистері: Х.Е. Маманова, М.А. Дудченко, P.M. Заславская, М.А.Бульиналар ерен еңбек етті.
Фармакология кафедрасының меңгерушісі Т.Ш. Шармановтың басшылығымен өткен 1968-1971 жылдар Ақтөбе мемлекеттік медицина университеті өмірінде айрықша белсенділігімен есте қалады. Бұл мезгілдері жоғарғы оқу орындарындағы жұмыстарының түрлі бағытта қарқынды дамыды. Мысалы, педиатриялық факультет пен дайындық бөлімі ашылды, құрамына 8 кафедраны біріктірген тамақтану сұрақтарына арналған ғылыми зертхана ұйымдастырылды; жаңадан 3 кафедра ашылды. Ақтөбе мемлекеттік медицина университетнің түлектерін I МОЛГМИ жанындағы аспирантурада оқыту мәселесі оңтайлы шешіліп, төп тиражды «Медик» газеті шыға бастады.
1971 - 1995 жылдары, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын ширек ғасыр бойы А.С. Смағұлов басқарды. Ол басшылық жұмыспен бірге рентгенология және медициналық радиология кафедрасына жетекшілік етті. А.Смағұлов басқарған кезде институттың материалдық-техникалық және ғылыми базасы нығайды – ғылыми-зерттеу орталығы, 2 оқу-зертханалық ғимарат, 3 жатақхана салынды, бас ғимараттың құрылысы басталды. Тұрақты түрде 7 кафедра толыққанды жұмыс жасап, орталық әдістемелік комиссия (кейін «орталық әдістемелік кеңес» болып өзгерді) және орталық әдістемелік бөлме (1973 ж.) ұйымдастырылды, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің біліктілігі және білімін жетілдіру факультеті (1979 ж.), орта медицина қызметкерлерінің факультеттері (тіс дәрігерлік бөлімі, 1193 ж.), оқытушылардың біліктілігін көтеру бөлімдері (1994 ж.) ашылды. 1993 жылдан бастап университетте түрлі мамандық бойынша кандидаттық диссертациялар қорғау үшін диссертациялық кеңес құрылды.
А.С. Смағұлов талантты педагог, білгір ғалым болғанымен бірге шебер басқарушы, ұтқыр ұйымдастырушы ретінде танылды. Бұл күнде ғалымның сіңірген еңбегі еленіп, оның құрметіне арналып университеттің бас ғимаратының қабырғасында мемориалды тақта орнатылған.
Институттың Ғылыми кеңесінде ректор болыа сайланған Ж.К. Ордабаев (1995-1998 жж.) микробиология кафедрасына жетекшілік етті. Бұл адам институттың бас ғимаратының құрылысын аяқтап, үлкен нысанды пайдалануға берді. Осы тұста оқу орнының тарихын баяндап, таныстыратын Батыс Қазақстан денсаулық сақтау мұражайы ұйымдастырылды.
1997 жылы «бас» ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев қатысты. Осы жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына академия статусы берілді. Осы жылы оқу орнының құрылғанына 40 жыл толған еді.
2000 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына осында 20 жылдан астам қызмет атқарған, экономика ғылымдарының докторы, танымал қоғамдық-саяси қайраткер, ҚР Мәжіліс Төрағасы Марат Оспановтың аты берілді де, бұл жоғарғы оқу орны Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы деп аталды. Бұл кезде академияға Ж.А. Досқалиев басшылық еткен болатын (1998- 2000 жж.).
Ректор Ж.А. Досқалиевтің тұсында санитарлық-гигиеналық және стоматологиялық факультеттер (1999ж.) ашылды, университет үшін «Эксперимент және клиника жағдайларында бауыр клеткаларының трансплантациясы» мәселесі бойынша ғылыми зертхана кешені ұйымдастырылды, модулді отбасы клиникасы ашылды, спорттық «Жәнібек» бокс клубы ұйымдастырылды.
Марат Оспанов атындағы БҚММУ 2000-2003 жылдары Қ.Қ. Жолмұхамедов басшылық етті. Осы тұста студенттердің инновациялық әдіспен оқуы басталды, компьютерлік тестілеу орталығы және «фармакология, клиникалық фармакология» мамандықтары бойынша диссертациялық кеңес ашылды, фармацевтика факультетіне (2001 ж.) студенттерді қабылдау басталды. Медицина ғылымының докторы, профессор Қ.Жолмұхамедовтың басшылығымен «Кәсіби патология орталығының» филиалы ашылды, академияда әлемге әйгілі медик-ғалымдардың портреттік галерея жасақталды.
2001-2002 жылдары университет орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісі бойынша мемлекеттік лицензияға ие болды.
2003-2007 жылдары академияда ректор болып м.ғ.д., профессор С.Ф. Беркімбаев еңбек етті. Сәлім Фахатұлының жетекшілігімен дәрігерлердің білімін жетілдіру факультетінде 4 жаңа кафедра, медицина-профилактикалық және фармацевтикалық факультеттерде бірқатар кафедралар ашылды, орта кәсіби білімі бар мамандарды дайындау факультеті құрылды, диагностикалық және кардиологиялық орталықтар, стоматологиялық емхана ашылды; ол ғылыми-практикалық «Батыс Қазақстан медицина журналының» бастамашысы болды; тарихи мұражайға заманауи дизайнмен күрделі жөндеу жасатты. Мұражайдың жаңарған, көркейген салтанатты ашылу рәсімі 2007 жылы 1-2 қарашада республикалық шеңберде ұйымдастырылған университеттің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілді.
Уақыт талабына сәйкес, 2005 жылы академияда сапа қызметін ұйымдастыру қажет болды. Бұл жұмысты оқу және ғылыми жұмыстар бойынша проректор, м.ғ.д., профессор Г.Н. Қисманова жүргізді. Сапа қызметі академиядағы емдеу, әдістемелік және білім беру жұмыстарының сапасын бақылау және оны жүйелі түрде жақсартуға бағытталды. Осындай нақты шаруалардың нәтижесі ретінде 2006 жылы мамыр айында академия (Қазақстандағы ЖОО ішіндегі алғашқылардың бірі) білім беру ісінде орта, жоғары және жоғары білімнен кейінгі кәсіби білім мамандарын дайындау; қосымша кәсіби білім саласы, біліктілікті көтеру, жоғары, орта білімді медициналық, фармацевтикалық білімі бар кадрларды қайта даярлау, запастағы офицерлердің әскери дайындығы, медицина қызметінің запастағы офицерлерінің, кадрлық офицерлердің әскери-медициналық білімін жетілдіру; профилактикалық, консультативтік, диагностикалық, емдеу және оңалтуды қосқанда медициналық қызмет бойынша ИСО 9001:2000 сапа менеджментіне сәйкес халықаралық сертификаттаудан өтті.
2008 жылдан бері Марат Оспанов атындағы БҚММУ осы оқу орнының түлегі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ербол Жасұланұлы Бекмұхамбетов басқарып келеді.
2009 жылы ақпанда оқу орны университет статусын алды.
2010-11 оқу жылының қараша айында университет медицина білімінің дүниежүзілік федерациясының бас кеңесшісі Йорген Нуструптың (Дания) қатысуымен білім беру жұмыстарының Ұлттық ҚР БҒМ стандарттарына сәйкестігін дәлелдейтін институционалдық аккредитациядан өтті.
Батыс Қазақстанның (Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау) қалалары мен облыстарының және Қызылорданың медициналық мекемелеріндегі дәрігерлердің негізі Марат Оспанов атындағы БҚММУ түлектерінен құралған.
Жыл сайын университетте 3000 қазақстандықтар мен шетелдіктер (студенттер, интерндер, клиникалық ординаторлар, аспиранттар, біліктілік көтеру факультетінің тыңдаушылары, медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің білімін жетілдіру факультетінің курсанттары) тыңдаушылар білім алады. Әр оқу жылындағы бітірушілер саны 400-ден жоғары жас маманды құрайды.
Біздің университетіміз он жылдан астам жақын және алыс шет елдер – Ресей, Түркіменстан, Индия, Пәкістан, Ливия, Израиль және басқалары үшін де медициналық мамандарды дайындайды.
Университеттің жоғары оқу орнынан кейінгі білім құрылымында қазіргі таңда интернатура (8 мамандық), клиникалық ординатура (8 мамандық), аспирантура (9 мамандық), докторантура (6 мамандық) және біліктілік көтеру циклдары мен мамандарды қайта даярлау жүзеге асуда.
Бүгінгі күні университетте бес оқу-зертханалық ғимарат, оқу және компьютерлік бірнеше залы бар кітапханасы, Интернет-класы, оқу және ақпараттық ресурстар орталығы, студенттерге және курсанттарға арналған үш жатақхана (біреуі шетелдік студенттерге арналған) бар. Студенттер мен университет қызметкерлеріне арналған бірнеше спорт залы, жүгіру-жаттығу алаңы, теннис корты, баскетбол және волейбол ойын алаңы, тренажер залы, шаңғы базасы бар. Университет құрамында ғылыми орталық, редакциялық баспа орталығы, тестілеу орталығы, ақпараттық технология қызметі, оқу-тренажерлік орталығы бар. Университеттің оқу бөлмелері арнайы компьютерлік кластарға бөлінген, оқу үрдісі біртұтас серверлермен қамтылып, локальды желіге қосылған. Ғаламдық интернет желісі тұрақты жұмыс жасайды. Университеттің жеке клиникалық емдеу орталығында Батыс Қазақстан аймағының тұрғындарына медициналық көмек жасалады. Ақтөбе қаласының тұрғындарына отбасылық медициналық клиника, стоматологиялық клиника, перитонит мәселелері бойынша республикалық орталық, аймақтық кәсіби-патология орталығы қызмет етеді. 2007 жылы алдыңғы қатарлы заманауи медициналық құрылғылармен қамтылған кардиохирургия орталығы ашылды.
Қазіргі кезде университеттің оқу, ғылыми және емдеу-диагностикалық ісін жүзеге асыру үшін 500-ден аса оқытушы еңбек ететін 70 кафедра мен курстар жұмыс жасайды. Бүгінгі күні профессорлық-оқытушылық құрамда ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері-1 иегері, 2- ҚР ғылым және техникасына еңбегі сіңген қайраткер, 1- ҚР ҰҒА академигі, 5- ҚР МҒА академиктері мен корреспондент мүшелері, 40-қа тарта медицина ғылымдарының докторы мен 180-ге жуық кандидаты, көптеген магистр, резиденттер бар.
Академия қызметкерлері 600-ден астам диссертация, оның ішінде соңғы бес жылда жүзге жуық докторлық және кандидаттық зерттеулерді дайындады және қорғады. Университет қызметкерлерінің бірқатары қазақстандық, мемлекеттік және шетелдік жоғары академиялық марапатқа лайық.
Университет түлектері көптеген Қазақстанның және ТМД елдерінің ҒЗИ-тарын, жоғарғы, арнаулы оқу орындарын, іргелі емдеу мекемемелерін басқарады. Германия, Израиль, АҚШ және дүниежүзінің басқа да шет елдеріндегі әлемдік клиникаларда еңбек етіп жүрген де түлектер бар.
Клиникалық кафедралардың жұмысы, яғни, емдеу, білім беру және ғылыми жұмыстар қалалық және облыстық емдеу-профилактикалық мекемелердің базасында тәжірибелік денсаулық сақтау дәрігерлерімен тығыз қарым-қатынаста өткізіледі. Батыс Қазақстанның тәжірибелік денсаулық сақтау ісінің жетекшілері – Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің түлектері. Университет қызметкерлері «Абдоминалды хирургиядағы іріңді-септикалық асқынулардың алдын алу және емдеу», «Ақтөбе облысы аймағындағы медицина-экологиялық аудандастыру», «Диагностика мен емдеудің жаңа технологияларын қолдану арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім көрсеткішінің азаюы» және т.б. маңызды ғылыми-медициналық бағдарламарын жүзеге асырады және оларға белсене қатысады.
М. Оспанов атындағы БҚММУ Солтүстік Дакота штатының (АҚШ) жоғары медициналық мектебімен, Ганновер жоғары медициналық мектебімен (Германия), Оңтүстік Флорида университетімен (АҚШ), Батыс Торонта университетімен (Канада), 20-дан аса жоғары медициналық оқу орындарымен және ТМД елдерінің ғылыми-зерттеу институттарымен кәсіби, ғылыми және шығармашылық байланыс жасайды.
Университет қабырғасында Қазақстанның және шет мемлекеттерде кең танымал ғалым-дәрігерлер қалыптасты, олардың есімдері әрдайым үлкен құрметпен аталады, олар: ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР МҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ж.А. Досқалиев, ҚР ҰҒА және МҒА академигі, ғылым және техникаға еңбек сіңірген қайраткері, «ХХ ғасырдың 2000 үздік интеллектуалы» Халықаралық биографиялық институты медалінің иегері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Н.І. Ізімбергенов, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР ҰҒА академигі, «Құрмет» және «М. Ломоносов» ордендерінің кавалері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Р.С. Көзденбаева, ғылым және техника еңбегін сіңірген қайраткер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ю.В. Бирючков, Нью-Йорк медициналық академиясының корреспондент-мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессоры Қ.Ж. Ахметов, медицина ғылымдарының докторы, профессор К.А. Жаманқұлов, ҚР МҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ж.К. Ордабаев, ҚР МҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Т.Ж. Үмбетов.
Сондай-ақ, Мәскеуде, Астанада, Алматыда және басқа да ірі ғылыми медициналық орталықтар мен бөлімдерді басқарып отырған біздің түлектер көп, мысалы, – Есенкөз Сағынайұлы Мамбеталин, ҚР урологтар ассоциациясының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Б.У. Джарбусынов атындағы Ғылыми урология орталығы директорының орынбасары; Виктор Михайлович Бондаренко, Кеңестік, Ресей, Нью-Йорк, Петров академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «ЖМЭИ» журналының редакторының орынбасары, Гамалеи атындағы НИИМ бактериясының уыттылығының генетика лабораториясының жетекшісі; Жеткерген Әнесұлы Арзықұлов, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қ. КазНИИОиР жетекшісі; Серік Қуандықұлы Ақшолақов, ҚР МҒА академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Астана қаласындағы нейрохирургия республикалық ғылыми орталығының бас директоры; Алтын Муафикқызы Арингазина, м.ғ.к., ҚР ДСМ ВШОЗ докторанты, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының эксперті, IUHPE/EURO денсаулық және білімді бекіту бойынша халықаралық одағының Еуропалық комитетінің мүшесі, IUHPE (Франция) қамқорлық кеңесінің мүшесі, денсаулықты нығайту және ҚР ДСМ ВШОЗ әлеуметтік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі; Шамиль Сағынұлы Тажибаев, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ тамақтану академиясы» ЖАҚ вице-президенті, Алматы; Мереке Сағымбаева Бутина, ҚР денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы; Талғат Қапайұлы Құдайбергенов, медицина ғылымдарының докторы, акушерлік және гинекология ҒО директоры, Астана; Марат Қойшыбайұлы Телеуов, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ректоры.
Ақтөбе қаласының көшелеріне танымал медицина ісінің қайраткерлерінің бірі ретінде Смағұлов Ажмағи Смағұлұлының есімі (1971 жылдан 1995 жылға дейін АММИ ректоры) берілді, қоғам және мемлекет қайраткері – Марат Оспановтың есімімен де аталатын көше бар. Ақтөбе қаласындағы медициналық білім беру, емдеу ісіндегі ерекше ерен еңбегі үшін профессор, м.ғ.д.Халида Есенғұлқызы Маманованың атына да көше берілді.
Бүгінгі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті – білікті де, білімді ғалым-дәрігер, оқытушылар құрамы топтасқан, іскер де ұтқыр ұйымдастырушылар шоғырланған, кәсіби шебер мамандардан құралған үлкен ұжым. Ғылыми мектептердің үздік дәстүрлерін жалғастырып, оны ілгері дамытып, білім беру, ғылыми және емдеу жұмыстарында республика бойынша сүбелі үлесін қосып отырған батыстағы байырғы іргелі оқу орны.