Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы!

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 13 желтоқсанда Қазақстан тарихы және қоғамдық-гуманитарлық пәндер мен психология және педагогика кафедрасының аға оқытушысы Г.Т. Калманованың ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты мерекелік кеш өтті. Бұл – «Тәуелсіздікке – 25 жыл» атты акциясы аясында ұйымдастырылған жиырма бес шараның бірі. Аталмыш шараны жүзеге асыру барысында «Жалпы медицина» факультетінің 123А және 120, 121, 122 А,Б топ студенттері қатысқан аталмыш шарада тақырыпқа сәйкес студенттердің өнерлері ортаға салынды.
Өткізілген тарихи кештің басты мақсаты жастарға ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі армандаған теңдігінің орнағанын, ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану болғандығын түсіндіру, сол сияқты тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болуды насихаттау. Біз үшін болашағымызға бағдар алған ұлтты ұйыстыратын, ұлы мақсаттарға жетелейтін – «мәңгілік ел» идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді.
Осыған орай, студенттер Қазақстанның тәуелсіздігі жолындағы жүріп өткенін көрініс көрсету арқылы толықтай қамтып өтті. Кештің барысында «Үш тілді тұғырлылық» мемлекеттік бағдарламасының мәнін, маңызын, халық пен болашақ ұрпаққа беретін үлкен пайдасын көпшілікке ұғындыру мақсатында үш тілде жеткізілді. Кеш жоспары бойынша патриоттық ән-би, күй, қойылымдар мен Тәуелсіздікке арналған студенттердің әр тілдегі арнаулары тарту етілді.
Мерекелік шараға «Жалпы медицина» факультеті деканының орынбасары Т.Ж. Сүндетов, жастар ісі жөніндегі бөлім ұжымынан кураторлар кеңесінің төрайымы А.Ж. Қаниева, психология және педагогика курсының оқытушылар қауымы, кафедра оқытушылары, І курс кураторлары және шетел студенттері, «Әскери медицина» факультетінің және «Жалпы медицина» факультетінің І курс студенттері қонақ болды. Келген қонақтар студенттер қойған қойылымдарға өз пікірлерін білдіріп, Тәуелсіздік жолындағы кейбір оқиғаларды естеріне алып, елімізде патриот та талантты жастардың бар екеніне ризашылықтарын білдірді. Кездесу соңында шетел студенттерімен, қонақтармен естелік фотоға түсірілді.