ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында еріктілер кездесу

12-желтоқсанда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде және Халықаралық еріктілер күніне орай Марат Оспанов атындағы БҚММУ Ғылыми Кеңес залында еріктілер жиналысы өткізілді.
Жиналысқа «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғаудың Ақтөбе қалалық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Г.А. Сражова және бірлестік мүшелері, университетіміздің студенттері, «Д.А.Р.» еріктілер клубының мүшелері, әлеуметтік-психологиялық қолдау бөлімінің жетекшісі Ж.А. Кадырова, «Мейірім» еріктілер клубы студенттері қатысты.
Аталмыш кездесу ҚР мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Алғашқы болып әлеуметтік- психологиялық қолдау бөлімінің жетекшісі Ж.А. Кадырова сөз сөйлеп, еріктілерді мерекелерімен құттықтап, олардың жұмысына ерекше тоқталып, келген конақтарға алғысын білдірді. Еріктілер клубының жетекшісі «Жалпы медицина» факультетінің 3-курс студенті Рашидова Наргизаны алғыс хатпен марапаттады.
Еріктілер клубының мақсаты – ананың махаббаты мен шапағатына бөленбеген, көмекке зәру жандарға қол ұшын беріп, аялы алақанның жылуын сыйлау болып табылады. Университет студенттері ерікті бола жүріп, өздерінің болашақ мамандықтарына алғашқы қадамын жасайды.
5-желтоқсан – Еріктілер күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шараларға белсене араласып, өнерімен, білімімен, отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиетімен көзге түскен Марат Оспанов атындағы БҚММУ «Мейірім» еріктілер клубының 30 белсенді мүшесі ректор Е.Ж.Бекмұхамбетовтың алғыс хатымен марапатталды.
«Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғаудың Ақтөбе қалалық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Г.А. Сражова «Д.А.Р.» (достық, адалдық, рақымшылық) еріктілер клубының жұмысын айта келе, олардың жұмыстарына ризашылығын білдіріп, қатысушы еріктілерді алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар, клуб мүшелерінің жартысын Марат Оспанов атындағы БҚММУ студенттері құрайтынын, болашақ ақ халатты абзал жандардың ізгілікке және қайырымдылыққа деген ынта-ықыластарын атап өтті. Кездесуді «Қазақстан- Ақтөбе», «Рика» телеарнасы келіп түсіріп, марапатталған еріктілерден сұхбат алды.
«Мейірім» еріктілер клубының белсенді студенті Құрманбай Нұргүл «Рика-ТВ» телеарнасына шакырту алып, кешкілік сағат 19:30-да жеке сұхбат берді
Ақтөбе облысының ішкі саясат мемлекеттік мекемесі Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің «Мейірім» еріктілер клубын ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында, облыста волонтерлық қозғалысты және еріктілік мәдениетін дамыту бағытында атқарып жатқан белсенді қызметі үшін алғыс хатпен марапаттады.